2018 жылдың 16 қазанында колледждің Кіші залында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында» «Кітап әлемі шақырады» атты әдеби сағаты өткізілді.
Биыл акцияның форматы өзгертілді. Оқуға 3 кітап таңдап алынды. Бұл Шәкәрім Құдайбердіұлының белгілі «Үш анық» шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы және Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» повесть – монологы.
Шараны Павлодар химия – механикалық колледжі кітапханашылары дайындап өткізді. Оқырмандар назарына авторлар: ақын және философ Шәкәрім Құдайбердіұлының, жазушылар Бауыржан Момышұлы мен Немат Келімбетовтың кітаптары бойынша жасалған слайд-презентация ұсынылды.
Алғы сөзден соң кітапханашы Базаршинова А. көрнекті ақын, аудармашы, ойшыл Шаһкәрімнің шығармашылығы туралы баяндады. Ақынның 30 жыл бойы жазған атақты кітабы «Үш анық» туралы айтып өтті. Шәкәрім ұстанымы – адам үшін ең қажетті ілім – ар-ұждан ілімі екені айқын.
«Химиялық технология және өндіріс» тобының 2 курс студенті Нұржұмабеков Алтынбек жазушы, ғалым, педагог Немат Келімбетовтың повесть – монологы мен басқа да еңбектері жайлы қысқаша мағлұмат берді. Бұл шығарма Франц Кафка атындағы Еуропалық қоғамның Алтын медалімен марапатталған. Көп жылдар бойы ауыр науқасқа қарсы тұрған, жеңілмей күресіп, қажырлы еңбек еткен Немат Келімбетовтың өмір жолы – адамның өмірге деген құштарлығы мен махаббаты, ерік-жігері арқылы бәрін жеңуге болатынының айқын дәлелі.
Кітапхана меңгерушісі Әлімғазинова Б. Е. Кеңестер Одағының Батыры, «Ұшқан ұя» кітабының авторы Бауыржан Момышұлы туралы кеңінен баяндады.
Ұлы Отан соғысы майданында ол ерлікпен шайқасты, соғыс жорықтарының қиындығын, азабын бастан кешіріп, қатал шайқастардың сынағынан өтті.
Соғыс аяқталғаннан соң Б. Момышұлы Бас штабтың Әскери академиясын аяқтап академияда сабақ берді. 1956 жылы әскерден босаған соң соғыс туралы, оның ерлері туралы шынайы кітаптар жазып,Қазақстанның жазушылық әлеміне қарқынды түрде енді.
Оның қалың оқырманға жақсы таныс кітабы «Ұшқан ұя» 1974 жылы «Жазушы» баспасында басылып шыққан болатын.1976 жылы шығарма ҚазКСР – ның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Шара барысында Б. Момышұлының өмірінен шағын бейне-таспа көрсетіліп, шығармадан үзінді оқылды. Сонымен қатар автордың кітаптары және ол туралы жазылған әдебиет бойынша библиографиялық шолу өткізілді. Жас оқырмандар шараны асқан қызығушылықпен тамашалады. Барлығы 45 оқушы қатысты.